Бұқаралық спорт, тіл мәселелері комиссия отырысында қаралды

«17 қараша күні Алматы облыстық мәслихатының «Дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері» және «Индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, кіші және орта бизнесті, туризм мен спортты қолдау мәселелері» бойынша комиссияларының бірлескен отырысы өтті», – деп хабарлайды Алматы облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.
Жиынның күн тәртібінде ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының және ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 23 сәуірдегі №242 қаулысымен бекітілген Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Б.Керімбек баяндап, тіл саясатының іске асуы жайлы есебін берді. Болат Бақбергенұлы аталған саладағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 2021 жылы облыс бойынша 345 591,0 мың.тг қаражат бөлінгенін жеткізді. Басқарма басшысы өз сөзінде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1 кітапхана мен 12 білім беру ұйымына Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев сынды тарихи тұлғалардың есімдері берілді. Қазіргі таңда ономастика комиссиясының қарауына 7 елді мекен мен 904 көшеге атау беру және оларды қайта атау туралы ұсыныстар түсіп отыр. Аталған ұсыныстар халық санағына байланысты жарияланған моратории мерзімі аяқталғаннан кейін қаралатын болады», деп атап өтіп, нысаналы индикаторлардың орындалуы жайлы тоқталып өтті.
Екінші мәселе бойынша облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Теңізбаев 2021 жылы дене шынықтыру мен спортты дамытуға бюджеттен 21,5 млрд. теңге бөлінгенін баяндап өтіп, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті. Атап айтсақ, 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейін 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ағымдағы жылы Талдықорған қаласында жабық жүзу бассейні пайдалануға берілгендігін жеткізді. Сонымен қатар, 2021 жылдың басынан 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 129 спорт шебері, 585 спорт шеберіне кандидат және 239 бірінші разрядты спортшы дайындалғанын, жыл басынан бері облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 2603 медаль жеңіп алғанын атап өтті.
Отырыс барысында басқарма басшылары өз салаларындағы мәселелерді атап өтіп, депутаттар сұрақтарды назарға алып, тиісті қаулы қабылдады.