Қиындық артта қалады

04.04.2020 жыл №36-38

«Жетісу» газеті

 

Қиындық артта қалады

Әлем елдерін әбігерге салған коронавируспен күрес жүргізуде ел болып ұжымдасып, сала мамандары мен халық қалаулыларының кеңесіне құлақ асып жатқанымыз көңіл қуантады. Қазақ жұрты секілді сауықшыл, жар астынан жау тап берер дегенге сенбейтін аса ақкөңіл, ақжарқын, той-дүрмек десе бір тамыры артық соғатын халықтың бірі итальяндар екені белгілі.

Бүгінде көне Рим күмбезін қара бұлт торлап алды. Желдей есіп жеткен кеселді пышақкесті тия алмай, халқының 100 мыңнан астамы сол вируспен арпалысып жатыр. Өйткені, олар қанша дамыған ел болса да дер кезінде осынау тажал іспеттес вирустың алдын алу шараларына көңіл аударған жоқ.

Әлемді алатайдай бүлдірген осынау дертпен арпалысып жатқан, қиыншылықта тұрған мемлекетті қаралағандығым емес, сабақ алу үшін айтып отырмын. Осы бір елең-алаң шақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде жасаған шешіміне құлақ түріп, сақтық шараларына атүсті қарамаған халқымыздың ауызбіршілігіне ризашылығымды білдіргім келеді.

Сабырлық танытып, шыдамдылық көрсетсек, індет жойылады. Бірақ, індет деп жүріп әрбір азамат өзінің міндетін ұмытпаса екен дейміз. Ол, әрине, өзінің қандасының қамын, туысының тағдырын ойлау. Мемлекет басшысы атаған, ақ халатты абзал жандар нұсқаған дүниелерді орындаса, сақтық шараларына темірдей тәртіппен қараса өзі де, өзге де бұл вирусты жұқтырмас. Қуанарлығы, елімізде коронавирустың алдын алу шаралары жоғары деңгейде жүріп жатыр. Әрбір қаланың күрежолдарына бақылау бекеттері орнатылды. Тәулік бойы қатаң тексеріс жүргізілуде. Бұл ел үшін, халық үшін жасалып жатқан дүние. Соны әрбір қазақстандық жете түсініп, өз үйінде, жақындарының қасында тағат-төзіммен осынау кеселдің күретамырына балта шабылуын тілеп отырса дейміз.

Тарих тізбегіне, бабалар жазбасының бұлың-бұлың бедеріне көз жүгіртсек, біздің халық бұдан да өткен қилы кезеңдерді бастан кешті. Ақтаңдақтар айғыздаған соқпақта сансыраған жұртымыз соңыра мұрадым мұратына жетіп отырмап па еді?! Міне, сол секілді әлем болып күресіп жатқан кеселді де ел болып еңсереміз. Тек әрбір қазақ, әрбір қазақстандық азамат сол алдағы атар жарқын күнге жақсылықпен қарауы, үміттенуі керек. Сенім бар жерде сырқат бой көрсетпейді. Үрей билеген жерде үміт үзіледі.

Тәулік бойы тыным көрмей ел үшін, әрбір азаматтың өмірі үшін күресіп жатқан ақ халатты абзал жандарға да ел болып алғыс айтуымыз керек. Адам жанының арашашысы болған олардың қызыметіне деген құрметіміз бұл тұста еселеп өскені аян.  Мемлекет тарапынан да оларға үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Сондықтан да ел болып біз үшін күресіп, сапалы қызмет көрсетіп жүрген олардың, әрбір ел азаматының алтын өміріне құрметпен қарап, карантиндер уақытында аяқталуына үлес қосуымыз керек. Ол үшін жалпыхалықты Мемлекет басшысының, сала мамандарының айтқан сөздерін орындауға шақырамын.

Сергек-сейдін шақта алаңсыз ғұмыр кешіп келе жатқан еліміздің осынау кеселді еңсеріп, баяғыдай тонның ішкі бауындай араласып, бір-бірімен арқа-жарқа базарлы күн кешері хақ. Өтпелі дүниеге бола дүрлігіп, сенімсіздікпен солқылдақтық танытып алмаған абзал. Халқымыз қашан да таудай тосқаулдарды рухымен, жігерімен, болашаққа деген ұлы сенімімен бұзып-жарып келе жатыр. Сондықтан да коронавирус кеселі де біз үшін, ұлы көшіміз үшін бірлігіміз сыналар шақ деп айтқым келеді. Қашанда халқымыз аман, бақуатты тіршілік кешсе екен дейміз. Ол үшін де тәртіпке бағыну, ауызбіршіліктен айырылмай, ұжымдасып іс қылу ләзім. Осыны қаперде ұстасақ, аз уақытта-ақ бұл індеттен іргемізді аулақ саларымыз хақ.

 

Әли Алпысбаев,

облыстық мәслихатының

депутаты

 

Загрузчик Загрузка...
Логотип EAD Слишком долго?

Перезагрузка Перезагрузить документ
| Открыть Открыть в новой вкладке

Скачать [681.78 KB]