Мәңгі біздің есімізде!

31 мамыр – қазақ тарихында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу және азаттық алуға талпынған Алаш зиялыларын ардақтайтын күн.

1997 жылы арнайы Жарлықпен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамыр күнін – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгіледі. Осы уақыттан бері келе, құрбандарымызды еске алуда ескерткіштермен мұражайлар ашылып, мұрағат деректеріне көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты бүгінгі жариялаған үндеуінде «Былтыр қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы», — деп атап өтті. Бұны барша қоғам болып ұмытпауымыз тиіс және алдағы ұрпақтың есіне сақтауда жұмыстар жалғасуы тиіс деп есептеймін.

Қуғын-сүргін құрбандары болып тек қазақ елі ғана емес, бауырлас мұсылмандар қауымы, ТМД мемлекеттерінде тұратын көптеген ұлтпен ұлыс өкілдері де зардабын көрді. Қазақ жеріне мәжбүрлі түрде қоныс аудартқан талай этнос өкілдеріне қазақ елі панасымен бөлісіп, зұлмат кезеңде аман қалуына өз септігін тигізгені барлығына мәлім.

1943 жылы Кавказ жерінің Гондолен ауылынан жер аудару саясатының шеңгеліне менің ардақты анам Нипа Қасымқызы және оның отбасы да іліккен еді. Анам ол кезде 15 жаста болатын. Вагон-вагон болып эшелонмен келген халықтар ішінде Қасым мен Фатиманың отбасы Жетісу өлкесінің Кеген жеріне аяқ басып, қазақ жүртының пейілі мен мейіріне, кең құшақтарына бөленді. Сұрапыл соғыс анамды ерте есейтіп, үлкен-кіші демей, шаруаның барлық түрінде аянбай еңбек етті. Сөйтіп жүріп, Қарқараның төл перзенті менің әкем Әкебаймен танысып, отау құрып, тату-тәтті ғұмырларын кешті.

Біз осы өткен күндерге баға беріп, қаншама халықтың басынан өткен зұлмат күндерді енді оралмастай етіп, жастарға тәрбие беру, үгіт-насихат жасауымыз қажет және осы оқиғаларға қатысты тарихты өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыруымыз қажет.

 

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаев