Бірлесе көтерген жүк жеңіл

«Жетісу» газеті № 42-44

2020 жылғы 18 сәуір

 

Бірлесе көтерген жүк жеңіл

       Әлем мемлекеттеріне ентелей еніп, жаһан жұртшылығын әбігерге салған коронавирус індеті елімізге де жетіп, барлығымызды алаңдатып отыр. Тарлан тарихтан адамзат баласының талай нәубатты бастан кешіріп, батпандап кіріп, қаншама адамды баудай қырған талай аса қастерлі індетпен күрескені белгілі. Бүгінде алпауыт мемлекеттермен бірге біз де жаңа індетпен бетпе-бет келіп отырмыз. Жаһандық ауқымда таралатын жаңа аурудың-пандемияның қазақша аудармасының өзі адамға қатаң сақтану керектігін ескертіп тұрғандай. Гректің «пандемос» деген сөзі қазақшаға аударғанда «барлық адамға тиесілі» дегенді білдіреді екен. Бұл кез-келген адамның ауруы ықтимал екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Осындай қастерлі дерттің алдында дәрменіміз таусылып, бүкіл әлем мемлекеттері дертке дауа іздеп, ортақ мақсат аясында өзара ынтымақтастық әрекет етуде.

Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралардың орындалуын қатаң бақылау, төтенше жағдайлардың енгізілуіне байланысты тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау аса маңызды.

13 наурыздан бастап спорттық мәдени-бұқаралық шаралардың өтілуіне тыйым салынып, концерт, көрме, конференциялар кейінге қалдырылды. Оқушылардың көктемгі демалыстары ұзартылып, қашықтықтан оқытылуда. Студенттер онлайн режимінде білім алуда. Халықаралық мәдени және туристік іс-шаралар шегеріліп, шекарамыз жабылды. Адамдар көшеде маскасыз бейсауыт жүруге болмайтынын, бұл қауіпті індеттен оқшаулану арқылы ғана құтылуға болатынын шынайы сезініп жатыр.

Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан –жақты айтып, жүзеге асыруды тапсырды. Жомарт жүрек меценаттар, кәсіпкерлер қарапайым халыққа қаржылай қолдау көрсетсе, әр деңгейдегі депутаттар, «Nur Otan» партиясының филиалдары, еріктілер тобы көмекке зәру отбасыларына көмек көрсетуде. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» демекші, бұның бәрі халық игілігі үшін, қиындықты бірлесе жеңіп, халықтың тұтастығын сақтау үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан қазіргі алмағайып, сындарлы кезеңде барлығымыз сабырлылық пен төзімділік танытып, бей-жайлықтан арылып, барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауымыз керек. Әр азамат өзінің және отбасының қауіпсіздігін сақтау арқылы мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтайтынын түсінгені абзал. Ұлт денсаулығы-мемлекеттің қауіпсіздігі. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегендей, қиындықты бірлесе еңсерейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыз тұтас болсын. Біз біргеміз!

 

Ибраимова Р.Н. — облыстық

мәслихатының депутаты

Загрузчик Загрузка...
Логотип EAD Слишком долго?

Перезагрузка Перезагрузить документ
| Открыть Открыть в новой вкладке

Скачать [528.44 KB]