Біз біргеміз, бұл індетті бірге жеңеміз!

«Жетісу» газеті

30.04.2020 жылғы №48-50

 

Біз біргеміз, бұл індетті бірге жеңеміз!

         Қазіргі  таңда  бүкіл әлемге төнген  аса қауіпті COVID-19 жұқпасы  дүние жүзімен бірге, біздің  облыс тұрғындарын да алаңдатып,  күннен-күнге саны ұлғаюда. Бұл инфекция бұрын жануардан адамға жұғатын болса, қазіргі кезде адамнан адамға жұғатын болғандықтан, бүкіл әлем сақтық шараларын жасап, індеттің алдын алу жолдарын іздестіруде.

Еліміздің басқа өңірлеріндегідей біздің облыстада да  карантин енгізілгені баршаңызға мәлім. Облысымыздағы барлық деңгейдегі емдеу мекемелері коронавирус инфекциясына  қарсы барлық сақтық шараларын ұстанып, медицина қызметкерлері бригадалық әдіс бойынша жұмыс жасауда. Медициналық көмекке келген науқастар және жұмысқа келген медицина қызметкерлері үшін жағдайлар жасалған. Олар күнделікті термометриялық тексеруден өткізіледі. Бұның барлығы Сіздердің денсаулықтарыңызды қорғау үшін жасалынып жатқан іс-шаралар. Облысымыздағы осы қауіпті індетпен күресіп жатқан медицина саласының қызметкерлерінің жұмыс істеуіне облыстық әкімшілік тарапынан ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Атап айтсақ, ай сайынғы көтерме жәрдемақы, арнайы бөлінген қонақ үйлер, демалыс үйлері және күнделікті жұмысқа  тасымалдайтын көліктің берілуі.  Осы орайда облыстың медицина қызметкерлері атынан облыстық әкімшілік пен облыс тұрғындарының қолдауларына үлкен ризашылығымды білдіремін.

Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көрсетіліп жатқан, медицина саласының қызметкрелері айтып жатқан  ақпараттарға  көптеген тұрғындар көңіл аудармайды,шындыққа баламайды. Төтенше жағдай енгізілгеніне қарамастан бекітілген ережелерді сақтамай жүргендері қаншама.   «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші бір адамның ойланбай жасаған әрекеті, немқұрайлылығы қаншама адамның өміріне, денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» дейді қазақ мақалы. Сол себепті медицина саласының қызметкері ретінде «Бірлігі жарасқан Ел» болып, бүкіл әлемге төнген осы дертті біріксек қана жеңеміз деп ойлаймын.

Құрметті жерлестер, бүкіл әлемді дүрліктірген бұл инфекцияның алдын алу үшін, баршаңызды карантин кезіңде үйден шықпауға, барлық санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын! Өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін үйде болыңыз! Біз біргеміз! Бұл індетті бірге жеңеміз!

Т.К.Сарпеков -облыстық мәслихатының депутаты

Loader Loading...
EAD Logo Taking too long?

Reload Reload document
| Open Open in new tab

Скачать [472.92 KB]