Аты жаман індет Қазақстан Республикасын да айналып өткен жоқ. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған төтенше жағдай мемлекет үшін маңызды қадам.

«Жетісу» газеті № 42-44

2020 жылғы 18 сәуір

 

 

Аты жаман індет Қазақстан Республикасын да айналып өткен жоқ. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған төтенше жағдай мемлекет үшін маңызды қадам.

Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік пандемияға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдаған Үндеуде Елбасы барша қазақстандықты жалпыға ортақ істен шет қалмауға шақырды. Игі бастаманы біркісідей қолдаған Қазақстан халқы ел басына күн туған қиын сәтте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ынтымағы зор, бірлігі жарасқан елдің үлгісін көрсетіп отыр.

Өз үндеуінде коронавирус індетіне қарсы күреске қаржылай қолдау көрсетіп жатқан отандық бизнес өкілдеріне ризашылығын білдірген Елбасы кәсіпкерлердің сауапты іс тінін үзіп алмай, одан әрі жалғастыра беретініне сенім білдірді. Байқасаңыз, қайырымдылық деген асыл қасиетті жанына серік еткен кәсіпкерлер де, қиын сәтте көмегім тисе екен деген қазақстандық азаматтар да аянып жатқан жоқ. Ерікті жастар мен үйде отырған аналардың бетперде тігіп жатқан еңбегі айтуға тұрарлық. Бүгінде осындай қайырымды жандардың қолдауымен ел халқының осал топтарына әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл біздің елдің жақсылық жасаудан алдына жан салмайтын ұлт екенін көрсетеді.

Күні кеше Елбасы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақала жариялап, қауіпті індеттің таралуына алаңдап отырған елдің көңіліне демеу боларлық келелі ойлар қозғады. Ұлт көшбасшысы мақаласында стратегиялық бағыттарға баса мән беру керектігін айта келіп, ең бастысы, мемлекеттің халықпен бірге екендігіне тоқталады. «Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиістігін» ескертіп, бұл індетті даурығумен емес, төзім мен сабырдың арқасында ғана жеңетінімізді жеткізген.

Бабаларымыз қандай қиын кезеңдер болса да бөлінбеген. Соның арқасында өзінің тілі мен дінін, ділін аман сақтап қалған. Қай кезде де «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деп ұрпағын ұлағаттылыққа тәрбиелеп отырған. Данышпан Абай бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсініп: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деді.

Ұлт ұстазының осы бір қанатты қағидасы елдің қасиетін, ұлттың қадірін тануға үндейтінін әр адам жүрек түкпірінде берік ұстанса деймін. Сонда ғана біз бірлігі жарасқан ұлттың үлгісін көрсете отырып, осынау қиын кезеңді қанға сіңген асыл қасиетіміз – сабыр мен төзімнің һәм бірліктің арқасында жеңіп шығамыз.

Бүгінде жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде сақтық шараларын қамтитын жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Індеттің бетін қайтару үшін уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан дәрігерлер: «Мен сіз үшін жұмыста қалдым, сіз мен үшін үйде отырыңыз» деген бағытта челлендж бастады. Үрей мен үміт тайталасқан қарусыз майданда жанын шүберекке түйіп, елдің амандығы үшін қызмет етіп жүрген денсаулық саласының барлық қызметкеріне алғыс білдіруіміз керек. Олар мемлекет тарапынан да, қарапайым халық  тарапынан да қандай құрметке болсын лайық! Ендеше, біз сол ақ халаттылардың еңбегін бағалайық!

Індетті ауыздықтаудың бір жолы – үйден шықпау! Соған орай біз шыдамдылық пен төзімді, сабырды ту етіп, отбасымызбен үйде отырайық. Егер әр азамат төтенше жағдай кезіндегі барлық ережені қатаң сақтап, өзінің және жақындарының амандығы үшін  темірдей тәртіпке бағынатын болса, біз бұл сыннан сүрінбей өтеміз. Өйткені, тәртіп бар жерде нәтиже бар. Ал нәтиже бар жерде жетістік салтанат құрады. Осылайша ғаламды жаулаған індетті ауыздықтауға арадағы ынтымақтың, қайырымдылықтың һәм бірліктің арқасында қол жеткіземіз. Өйткені, біз біргеміз!

 

Мұхит ҮМБЕТОВ

Алматы облыстық мәслихатының депутаты

Loader Loading...
EAD Logo Taking too long?

Reload Reload document
| Open Open in new tab

Скачать [557.07 KB]